Гонконгта Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды
БЕЙЖІҢ-ГОНКОНГ. ҚазАқпарат - «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжанов бастаған қазақстандық делегация Гонконгта өткен «Бір белбеу - бір жол саммиті» («Belt and Road Summit») атты Үшінші халықаралық инвестициялық форумға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі.
Форумға әлемнің 55 елінен үкіметтік және іскерлік орталардың өкілдері қатысты. Жеке панельдік сессия форматындағы шарада Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне, инфрақұрылымдық, энергетикалық және өзге де салаларына қатысты қазақстандық жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдері Гонконг әкімшілігінің құрылымдық органы, экономиканың құрылымдық салаларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға жауапты ұйым - «Invest HongKong» басшылығымен келіссөздер жүргізді. Тараптар қаржылық технологиялар, жасыл энергетика салаларындағы өзара инвестициялық белсенділікті арттырудың маңызы жайында сөз қозғады.
Аталмыш кездесуде ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған Гонконг пен Қытайдың ірі компания өкілдерінен құралған кеңейтілген сауда-инвестициялық миссия мүшелерінің Қазақстанға сапарының дайындығы пысықталды.


