Гонконгтың медиаалпауыты Шау И Фу өз үйінде көз жұмды
АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Гонконгтың медиаалпауыты Шау И Фу өзінің Гонконгтағы үйінде 107 жасқа қараған шағында өмірден озды,
деп хабарлайды РБК.
1907 жылы дүниеге келген ол Азияның ірі Shaw Organisation медиакомпаниясын құрған. Shaw Brothers кинокомпаниясы оның ең ірі бөлігі болып табылады. Олар Оңтүстік Азиядағы алғашқы фильмдердің бірін түсіріп, әлемдік кинематографияға шығыстың жекпе-жек (күрес) өнерін енгізді. Джеки Чан өз мансабын осындағы студияларда бастаған. 1967 жылы Шау И Фу әлемдегі ірі телекомпаниялардың бірі - TVB негізін қалаған.
Сонымен бірге, медиаалпауыт қайырымдылық және меценаттықпен айналысқан. Өзінің бүкіл ғұмырында ол Гонконгтің ауруханалары мен университеттеріне бірнеше ондаған миллиард қаржы жұмсаған.
2002 жылы ол халықаралық ғылыми сыйақының негізін қалады. Ол астрономия, математика және медицина саласындағы жетістіктер үшін беріледі. Ал сыйақы ретінде медаль мен 1 млн. доллар көлемінде ақша беріледі. Оған «Азияның Нобель сыйлығы» деген екінші есім де берілген.