Google диабет ауруына шалдыққандарға арналған көру линзасын таныстырды
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Google компаниясы организмдегі қант көлемін қадағалап отыруға мүмкіндік беретін көру линзаларын таныстырды, деп жазды The Telegraph.
Бұл қант диабетімен ауыратын адамдар үшін өте маңызды, бүгінде әлем бойынша 382 млн. адам аталмыш дертке шалдыққан. Линза қабаттарының ортасында инсульин иньекциясының қажеттілігі туралы ақпарат беретін глюкоза сенсоры мен сымсыз хабар таратқыш құралы бар. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл құралды жасауға бес жылдай уақыт кетеді.
«Біз кішкентай ғана сымсыз чип пен кішігірім глюкоза таратқыш құралын пайдалана отырып, глюкозаның көлемін өлшейтін «ақылды» көру линзаларын сынақтан өткіздік. Бұдан бөлек, линзалар адамның шашынан да жұқа болып келетін антеннамен жабдықталған», деді жобаның жетекшісі Брайан Отис.
Құрылғы глюкозаның көрсеткішін секунд сайын есептеп тұрады. Көздің қарашығына тимегендіктен, линзаға орнатылған чип пен таратқыш құралы көздің көруіне әсерін тигізбейді.
Енді Google компаниясы аталған өнімді бірігіп шығару үшін өзіне серіктес іздеп жатыр. Бұған қоса, компания өкілдері жобаға қатысушылар мен оған құйылатын қаржы туралы ақпаратты әзірге бермей отыр.