Google өткен уақытқа саяхат жасауды ұсынады
Үш жыл бұрын күштілігі 9 баллды құраған жер сілкінісі Жапония жағалауларында аса қуатты цунами тудырған болатын. Салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, көптеген тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар Жер бетінен біржола жойылып кетті. Өкінішке орай, ол жерді бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес. Осы оқиғадан кейін Google компаниясы цунамиге дейінгі түсірген Google Street View сервисінің фотосуреттерін сақтап қалу туралы шешім шығарды. Енді компания өзінің желісіне Жердің барлық түкпірінен өткен жылдардың фотосуреттерін қосу туралы ұйғарым жасады. Бұл өз кезегінде сервисті пайдаланушыға белгілі бір жер бедерінің бұрынғы түрі мен қазіргі бейнесін салыстыру мүмкіндігін туғызып отыр. Осы қызметтің түрін ойлап тапқандардың пікірінше, бұл жүйені қосу туралы әлем бойынша көптеген адамдар өтініш білдірген көрінеді. Атап айтқанда, Google Street View бір жерді әр жылдары түсірген ерекше фотоальбом ретінде сұранысқа ие болуда. Өйткені, бұрындары карталар жаңартылған сайын, ескі суреттер қолжетімді болмайтын.