Google+ тікелей эфирінде 30 сағат бойы «Анна Каренина» романы оқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазан айында әлем бойынша «Анна Каренина оқулары» халықаралық акциясы өтеді. «Ясная Поляна» музейі мен Google компаниясының бірлесуімен өткізілгелі жатқан шара әлем бойынша орыс классикасын сүйетін жандардың басын қосуды мақсат етеді.

Google+ тікелей эфирінде 30 сағат бойы «Анна Каренина» романы оқылады

Жоба нағыз оқу марафоны болмақ. Оның аясында алғаш рет әлем бойынша әр қаладан Google+ тікелей эфирінде 700 адам 30 сағат бойы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романын оқиды. Олардың ішінде театр және кино актерлері, журналистер, музыканттар, Лев Толстойдың ұрпақтары, суретшілер, ғалымдар, танымал видеоблогерлер және қарапайым интернет қолданушылары болмақ. «Үйде Лев Толстойдың өзі, балалары мен әйелі жиналып, дауыстап кітап оқып отырған суреті сақталған. XXI ғасырда да осылай жиналып, кітапты оқи отырып бірге әсерленіп, кейіпкерлер үшін бірге қам жеп отырғың келеді. Алайда қазіргі уақытта сенің оқып отырған мәтініңді біреу жалғастырып кетуі үшін міндетті түрде барлығымыз бір жерде жиналып отыруымыз шарт емес. Интернеттің жаңа техникалық мүмкіндіктерінің арқасында оны әлемнің басқа бөлігіндегі адам да жалғастырып кете алады. Әлемнің тамаша туындыларының қатарына кіретін «Анна Каренина» кез-келген адамның жан-дүниесінен өз орнын алатынына сенімдімін», - дейді Лев Толстойдың шөпшегі әрі «Анна Каренина оқуларының» ұйымдастырушысы Фекла Толстая. Бұл оқулар 3-4 қазанда Мәскеу, Санкт-Петербор, Ясная Поляна, Владивосток, Новосібір, Нью-Йорк, Париж, Лондон сынды қалалардың кітапханаларында арнайы дайындалған алаңдарда өтеді. Оқулар YouTube бейне порталы арқылы онлайн көрсетілетін болады. Ал алдағы уақытта барлық видеолар жинақталып, аталмыш сайтқа жүктеледі, деп хабарлайды Әдебиет порталы.