Google Translate аударма қызметіне қазақ тілі енгізіледі

Google Translate - мәтін бөлігін немесе веб-бетті автоматты түрде аударуға арналған Google компаниясының тегін веб-қызметі. Қазіргі кезде аталмыш қызмет құрамында 64 тіл бар, бірақ қазақ тілі енгізілмеген. Қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу үшін ағылшын, орыс тілдерінен қазақ тіліне және аталған тілдерге біздің тілімізден аударылған мақалалар саны белгілі бір шектен асуы шарт.
«Біздің қор мемлекеттік тілді, білім беру, мәдениет және инновациялық технологияларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде бизнес-компаниялардың да осы бағытта жұмыс жасай бастағаны қуантарлық жағдай. Бірақ Google Translate жүйесіне қазақ тілін енгізу үшін жүйеге мәліметті үлкен көлемде енгізу қажет. Жобаның табысты іске асырылуы оған қоғам өкілдерінің кеңінен жұмылдырылуына байланысты», - дейді «Wikibilim» Қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.
«Жаһандық онлайн-аудармаға қазақ тілін енгізу бойынша жоба Интернеттегі қазақ тілді контенттің дамуына үлкен серпін беретініне сеніміміз мол. Серіктестіктің аясында мобильді Интернет, сондай-ақ «Үйдегі Интернет» қызметінің абоненттеріне Google Translate қызметіне тегін кіру мүмкіндігі беріледі. Beeline және «Wikibilim» сайттарында аталмыш қызметке аударылатын мәтінді қалай енгізуге болатыны туралы егжей-тегжейлі нұсқаулар орналастырылған. Сонымен қатар, еліміздің ЖОО-да жобаны таныстыру тұсаукесерлері өткізіліп келеді, осы іс-шаралар арқасында студенттер акцияның алғашқы қатысушылары бола алады», - деп атап өтті «КаР-Тел» ЖШС-ның PR-менеджері Анар Жұмағұлова.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, «Google Translate+Kazakh» жобасына үстіміздегі жылдың сәуір айында Beeline брендінің Қазақстанға келгеніне 7 жыл толуына орай іске қосылған ауқымды «Жеті игі іс» бастамасының аясында қолдау көрсетіледі. Еліміздің әрбір аймағында компания қызметкерлері, серіктестер, ынталы абоненттер күшімен 6 ауқымды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Google Translate жаһандық онлайн-аудармашының «тілдер отбасына» қазақ тілін енгізуге бағытталған әлеуметтік жобаны қолдау әрбір қазақстандық қатыса алатын 7-ші игі іс болмақ.