Google вице-президенті Алан Юстас 41 шақырымдық биіктіктен парашют арқылы секірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Google вице-президенті Алан Юстас 41 шақырымдық биіктіктен парашют арқылы секіріп, австриялық Феликс Баумгартнердің әлемдік рекордын жаңартты.
Рекорд Нью-Мексико штатында орнады. Юстастың мойындауынша, стратосфер арқылы секіру туралы шешімді ол 2011 жылы қабылдап, үш жыл бойы дайындалған. Гелиймен толтырылған әуе шарына бекітілген арнайы капсулада стратосферге екі сағаттай уақытта жеткен ол бірнеше минуттан соң секірді. Юстастың жылдамдығы сағатына 1287 шақырымға жетті. Ал арнайы технологиямен жасалған парашют жерге 5,5 шақырым қалғанда ашылды. Құлдилау небәрі 15 минутқа созылды. Google вице-президенті әуе шары қонған аумақтан 100 шақырымдай қашықтықта жерге аман-есен түсті, деп хабарлайды Newsru.com.
Бұдан бұрын 2012 жылғы 14 қазанда рекорд жасаған Феликс Баумгартнер арнайы капсуламен 39,45 мың метр биіктікке көтерілген болатын. Оның еркін құлауы 4 минут 20 секундқа созылған еді.