Google жабық сайттарды қолжетімді етпек
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Google компаниясы өзінің интернет-браузері Chrome үшін uProxy қосымшасын әзірледі. Ол арқылы интернет пайдаланушылар елде белгілі бір себептермен жабық тұрған сайттарға еш кедергісіз қосыла алады. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады.
Бұл тұрғыда peer-to-peer (екі сервер арасын тікелей байланыстырып, ақпарат алмасу) технологиясы пайдаланылмақ, яғни басқа елдердегі достардың көмегімен интернет-ресурстарға емін-еркін қосылуға болады.
Аталған қосымша Facebook әлеуметтік желісі бойынша достарды тауып отырады. Алынатын ақпарат шифрланып отырады, сонымен қатар интернет пайдаланушының дәл осы қосымша арқылы кіріп отырғандығын тиісті аңду құралдарымен анықтау мүмкін болмайды екен.
Мамандардың пайымынша, бұл қосымшаның арқасында интернет-ресурстарға шектеу қойылған Қытай және Иран секілді елдердегі саяси белсенділер еш кедергісіз кез келген сайттарға қосыла алады.