Google жаңа Gemini 4 Carbon жасанды интеллект моделін таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM — Google ұзақ уақыт бойы өздігінен жұмыс істеуге арналған Gemini 4 Carbon жасанды интеллект моделін таныстырды. Ол ауқымды бағдарламалық жобаларды талдап, қателерді тауып, түзете алады. Сондай-ақ киберқауіпсіздік саласындағы күрделі міндеттерді шешуге қабілетті.
Әзірлеушілердің айтуынша, модельдің басты ерекшеліктерінің бірі — бірнеше күн бойы үздіксіз жұмыс істей алуы. Gemini 4 Carbon үлкен код базаларын зерттеп, жүйедегі ақаулардың себебін анықтайды, қажетті түзетулер енгізеді. Алғашқы әрекеттері сәтсіз болса, мәселені шешудің басқа жолдарын іздейді. Әзірге Google бұл мүмкіндіктерді компания ішіндегі сынақтар барысында бағалаған.
Google мәліметінше, компанияның өз сынақтарында Gemini 4 Carbon қауіпсіз код жазу көрсеткіші бойынша Gemini 4 Argon моделінен екі еседен астам жоғары нәтиже көрсеткен. Бұдан бөлек, Artificial Analysis Intelligence Index v5.0 рейтингінде 59 балл жинап, бірінші орынға шыққан.
Жаңа модель кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі. Алғашқы кезеңде Gemini 4 Carbon-ға киберқауіпсіздік саласында іріктелген мамандар мен Fairwind бағдарламасының сенімді серіктестері қол жеткізе алады. Кейін Google модельді әзірлеушілерге, ұйымдарға және қарапайым пайдаланушыларға ұсынуды жоспарлап отыр.
Компания API арқылы жұмыс істеу тарифтерін де жариялады. Бір миллион кіріс токенінің құны — 2 доллар, ал бір миллион шығыс токені — 10 доллар. Баға модель өңдейтін деректер көлеміне байланысты белгіленеді.
Еске салайық, Google бұған дейін Gemini топтамасындағы Gemini 4 Argon моделін таныстырған болатын. Ол бағдарламалау, графиктерді талдау, ұзақ бейнежазбалардан қажетті мәліметтерді табу және құжаттардағы ақпаратты өңдеу міндеттеріне арналған.