«Гранд Астанадағы» лифттің құлауы: Жауапты адамдар жазаланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі «Гранд Астана» тұрғын үй кешенінде лифттің құлау жағдайына байланысты арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Өңір тұрғындары ретінде лифтпен айналысатын компанияны ПИК арқылы ауыстырып, немесе лифтті толық жөндете аласыздар. Әкімдік тарапынан да тиісті шаралар жасалуда. Мысалы, өткен жылы 700-ден астам лифт тексеріліп, заңды бұзғаны үшін 30 ПИК төрағасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді қала әкімі халыққа есеп беру кездесуінде.
Сонымен қатар, шаһар басшысы «Гранд Астана» тұрғын үй кешеніндегі жағдайға тоқталды.
«Ал «Гранд Астана» тұрғын үйінде болған жағдай бойынша әкімдіктің тікелей араласуымен апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Нәтижесі шыққаннан кейін жауапты адамдар жазаланады. Осындай шаралар басқа да ұйымдарға да қолданылатын болады. Біз бұл мәселені жүйелі түрде шешуді жоспарлап отырмыз», - деді Әсет Исекешев.
Еске сала кетсек, бұған дейін қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұxаметов халықпен кездескен кезде «Гран Астана» тұрғын-үй кешенінің тұрғындары лифттің құлау жағдайына байланысты уәждерін білдірген болатын.