Grand Slam: Елдос Сметов жұбаныш белдесуінде сынға түседі
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жарыстың алғашқы күнінде екі қазақ балуаны татамиге шығып, екеуі де ресейлік балуанға жол берді.
60 келіде ел намысын Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев қорғады. Бір қызығы, жеребе бойынша екі спортшымыз да бір топқа түсті. Қырғызбаев алғашқы белдесуінде-ақ ресейлік Яго Абуладзеге есе жіберсе, Сметов алдымен Непал және Моңғолия балуандарын ұтты.
Өкінішке қарай, топтағы шешуші белдесуде Сметов те Абуладзеден айла асыра алмады.
Осылайша, Елдос Сметов жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Ол қола медальға күресу құқығына ие болу үшін жапондық Шишиме Туремен белдеседі. Естеріңізде болса, тап осы балуанды Елдос 2015 жылғы әлем чемпионатында жеңген болатын.
Жартылай финалға Жапонияның қос балуаны, Оңтүстік Корея мен Ресей өкілдері өтті.