Grand Slam турнирі: Мағжан Шамшадин финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан дзюдодан Grand Slam турнирінде қазақстандық татами шебері Мағжан Шамшадин финалға шықты.
Нақтырақ айтсақ, 60 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан Шамшадин жартылай финалда ресейлік Изнаур Сааевпен кездесіп, қосымша уақытта жеңіске жетті.
Енді финалда Мағжан Шамшадин Тәжікстан құрамасының өкілі Мұхаммедсалех Куватовпен бас жүлдені сарапқа салатын болады.
Сонымен қатар бүгін татамиге шыққан қазақстандық Нұрқанат Серікбаев (60 келі) жарысты екінші айналымнан бастағанымен, өкінішке қарай жапондық Хаято Кондодан жеңіліп қалды. Бұл салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Еламан Сұлтанбай (66 келі) бірінші айналымда өзбек спортшысына есе жіберді. Ал Алмас Ғалымов ширек финалда тәжікстандық Обид Джебовтан жеңіліп, жұбаныш белдесуге қатысу мүмкіндігін алды. Ғалымовтың ендігі қарсыласы - ресейлік Иван Чернякин.
Айта кетейік, аталған турнирде Қазақстан құрамасынан Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин, Алмас Ғалымов, Еламан Сұлтанбай, Дархан Қойбағар, Дастан Шаяхметов, Абылайхан Жұбаназар, Аян Байғазы, Дидар Хамза, Нұрлыхан Шархан, Ислам Бозбаев, Ерасыл Қажыбаев және Еламан Ерғалиев ел намысын қорғайды.