Грант иегерлерi кемiнде үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуге мiндеттi болмақ

Осындай норманы қарастырып отырған "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне бiлiм беру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" ҚР заңының жобасы бүгiн ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң бiрiншi оқылымында мақұлданды.
Заң жобасы қорытындысында атап көрсетiлгенiндей, қазiргi таңда мемлекет бiлiм беру ұйымдарына мемлекеттiк бiлiм тапсырысымен оқыту үшiн қомақты қаражат бөлуде. Бұл ретте түлектердiң басым бөлiгi мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмауда немесе басқа жұмыс iстеп жүр.
Осыған байланысты "Бiлiм туралы" ҚР Заңының 47-бабына мемлекеттiк бiлiм тапсырыс негiзiнде бiлiм алған азаматтар оқу орнын бiтiргеннен кейiн кемiнде үш жыл мамандығы бойынша жұмыспен істеуге мiндеттi екенi туралы жаңа норма енгiзiледi.
Бұл ретте педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша бiлiм алғандардың жұмыспен өтеуi жөнiндегi норма - осы заң жобасы қолданысқа енгiзiлгеннен бастап, ал басқа барлық мамандықтар бойынша 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Айта кетейiк, жұмыс тобы аталмыш заң жобасының 400-ден астам түзетулер мен ұсыныстарды қарады. Олардың көпшiлiгi бойынша келiсiлген шешiм қабылданды. Мәжiлiстiң барлық комитеттерi заң жобасына оң қорытындыларын бердi.