Грант иегерлерінің желіде қуаныш пен шаттыққа толы бейнежазбалары тарады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қуаныш пен көз жас, айқай мен шаттық — бүгін қазақстандықтардың желілері дәл осындай бейнежазбаларға толы.
Бүгін, 7 тамыз күні Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялады. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл күн конкурс нәтижелерін тағатсыздана күткен мыңдаған қазақстандық түлек үшін ең маңызды әрі уайымға толы сәттердің біріне айналды.
Грант тізімі жарияланған соң, әлеуметтік желілерде әсерлі бейнежазбалар көбейіп кетті. Талапкерлер конкурс нәтижесімен танысқан сәттерін камераға түсіріп, шынайы эмоцияларымен ғаламторда бөлісіп жатыр. Бұл — бірнеше жылдан бері талапкерлер арасында қалыптастан тренд.
Көптеген отбасылар үшін бұл күн шынайы мерекеге айналды.
Кадрлардан түлектердің қуаныштан көз жасына ерік бергенін, ал олармен бірге ата-аналарының және достарының қуанғанын көруге болады.
Кейбірі сенбей, нәтижені бірнеше рет қайталап оқыса, енді бірі бірден туған-туыстарына қоңырау шалып, қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Желі қолданушылары да өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастарға табыс тілеп, құттықтау жазып жатыр.
Мұндай бейнероликтерді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек та жариялап, мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін жоғары оқу орындарына түсуімен құттықтады.
— Мемлекеттік білім беру грантының иегерлерін жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл — талапкерлердің табанды еңбегі мен білімге деген ұмтылысының жемісі. Айтулы сәттің қуанышын бірге бөлісіп, жарқын болашаққа нық қадам басуларына тілектеспіз! — деп жазды Саясат Нұрбек.
Грант жеңіп алған түлектер үшін келесі кезең — таңдаған ЖОО-ға құжат тапсыру. Қазақстанның жоғары оқу орындарында құжаттарды қабылдау 2026 жылдың 25 тамызына дейін жалғасады.
Еске салайық, 2026-2027 оқу жылында қай салаға грант көп бөлінгенін жазғанбыз.