«Грант иелері жақында анықталады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 6 тамыз, сенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен кеңес өтті. Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдері қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Адамдар үшін қажеттің бәрі жасалуы тиіс» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. «Біз жүзеге асырып жатқан барлық бағыттар, барлық бағдарламалар қаражатпен қамтамасыз етілген. Енді тек тапсырылған жұмыстардың орындалуын бақылау ғана қалды. Биылғы жылы экономиканың 7 пайыздық өсу қарқынын одан әрі жалғастыру міндеті қойылып отыр. Бұл - жеңіл міндет емес. Біз әлемдік экономиканың тұрақтылығына кепілдік бере алмаймыз. Кәсіпорынның іске қосылуы мен жұмыс істеуі, егер біздің ресурстарға қатысты баға конъюнктурасы өзгерген жағдайда демеу болмақ», - депті Елбасы кеңес барысында.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссия өз жұмысын бастады. Конкурстық комиссияның төрағасы - Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Комиссияға Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің жоғары оқу орындарының ректорлары кірді. «Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 91 018 талапкер қатысса, оның ішінде қазақ тілінде - 66 912, орыс тілінде - 24 106 талапкер қатысты. Сондай-ақ білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 3070 «Алтын белгі» иегерлері, 1240 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстары мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатысты. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсын өткізу кезінде оларға басымдық беріледі», деп жазады басылым бүгінгі нөміріндегі «Грант иелері жақында анықталады» деген тақырыптағы мақалада.
***
10 тамыз күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Астанада Сирия командасымен жолдастық кездесу де сыналатыны мәлім. Осыған орай, Мирослав Беранек жаттықтыратын футболшыларымыз Талғарда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Кеше ұлттық құрамамыздың жаттығуы ашық жағдайда өтіп, оған БАҚ өкілдері де куә болды. Тілшілер қауымы куә болған жайттарды білгіңіз келсе «Айқын» газетіндегі «Сәрсенбінің сәтінде Сириямен ойнаймыз» деген мақалаға назар салыңыз. «Ал біз сіздердің естеріңізге Қазақстан құрамасының Сирия командасымен үш рет кездескенін, өкінішке қарай, сол кездесулердің бәрінде де ұтылып қалғанын (0:2, 0:1, 0:4 есептерімен) сала кетсек дейміз. Өздеріңіз байқағандай осы ойындардың бірде-біреуінде ұлттық құрамамыздың жігіттері қарсылас қақпасынан саңлау таппаған екен», - деп жазады басылым.
Апта ортасында орыстілді ғаламтор басылымдары қазақ тілінің мәселесін көтерді. Бұған түрткі болған Мәдениет министрлігінің тілге байланысты даярлаған жаңа заң жобасы екен. «2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда іс-қағаздары толық мемлекеттік тілге көшеді. Шенеуніктердің өзі мемлекеттік тілде «сайрауға» мәжбүр болады екен, орыс тілділер енді қайпек?» деген ыңғайда мәселе көтерілген. Әрине, босағада өгей баланың жағдайын кешіп келген ана тіліміз алдағы уақытта өз тұғырына қонса, иісі қазақ бөрігін аспанға атып, қуанары хақ. Шындығы сол, 1989 жылы қабылданған тіл заңы бүгінгі күннің талабына сай емес. Содан болар, қарға тамырлы қазақтың көп жерде есесі кетіп жатқаны. Ал жаңа заң қабылдана қалса, сол кемшіліктер қалпына келер ме еді? «Айқын» газетінде осы сауалдарға орай мамандардың пікірін оқып біле аласыздар.
***
«Қазақстандық мамандар тұрақты мекенжайы жоқ жандарды «биологиялық бомбаға» теңеп, дабыл қағып жатыр. Қаңғыбас жандардың түнейтін орны - дала, жүретін жері - қоқыс, жейтіні - қалдық. Ондай болса, олардың ортаға қауіпті екендігіне ешкім дау айтпас және дәрігерлердің дабыл қағулары орынды», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Биологиялық бомба» жарылмасын десек...» деген тақырыптағы мақаласында. Жарияланымның толық нұсқасын бүгінгі нөмірден оқи аласыздар.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеевпен арадағы сұхбат «Қазір әуесқойлардың көбейіп кету кесірінен ән өнері құлдырап барады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген копозитор: «Жазған дүниемнің барлығын тамаша дүние деп жарыққа шығарып жатқан жоқпын. Талай дүнием жыртылып қалып, талай дүнием биік деңгейде жетпейді-ау деген соң, қалып жатады. Қазір әуесқойлардың көбейіп кету кесірінен ән өнері құлдырап бара жатыр. Бұл тыңдаушының талғамын бұзады, төмендетеді», - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың уақытша сенімді өкілі Джон Ордвеймен кездесті. Кездесу ғылым саласы бойынша әңгімеден басталды. АҚШ дипмиссиясының өкілі мемлекетіміздің ғылым саласындағы ынтымақтастық әлеуеті мен ашықтығын жоғары бағалады. Оның пікірі бойынша, Қазақстан кеңес дәуіріндегі мемлекеттер арасында ғылым мен білімге зор көңіл бөліп отырған бірден-бір мемлекет болып табылады. Қазақстан мен АҚШ арасында үкіметаралық келісімнің ағымдағы жылдың шілде айында күшіне ену барысы төңірегінде ғылым саласындағы ынтымақтастықтың даму болашағы талқыланды.