Гранттық қаржыландыруды арттыру ғылымдағы жастарға қанат бітіреді - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жас ғалымдардың зерттеулеріне қосымша қаражат бөлу арқылы олардың ғылыми әлеуетіне жоғары баға беріліп отыр. Бұл туралы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының бас сарапшысы Бауыржан Бағлай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гранттық қаржыландыруды арттыру ғылымдағы жастарға қанат бітіреді - сарапшы

«Елбасының қатысуымен Жастар жылының салтанатты түрде ашылуы жастарға ерекше жалын әрі жігер сыйлағандай болды. Себебі, мемлекет тарапынан қолға алынатын мұндай іс-шараларға жастардың сұранысы жоғары. Біріншіден, бүгінгі таңда елімізде жастардың өзара жеке бір қалыптасқан ортасы барын атап өту керек. Еліміздегі жас өрендердің әрбір салада жеткілікті дәрежеде жеңістерге жеткенін, білікті маман болып қалыптасып қалғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Жиын барысында дүйім жұрт көргендей, әртүрлі салада, ғылым мен ауыл шаруашылығы, мәдениет пен спорт болсын - белгілі бір дәрежеде жастардың биік асуларды бағындырған шоғыры қалыптасып қалғанын айқын көрдік», - дейді сарапшы.

«Болашақ» стипендиясының түлегі Бауыржан Бағлайдың айтуына қарағанда, еліміздің жас буынды қолдау мақсатында биыл біршама іс-шара қабылданған.

«Бұл тек іс-шаралар ауқымы тек бір бағытты ғана қамтып отырған жоқ. Яғни, жастарды экономикалық, әлеуметтік тұрғыда және басқа да жағынан жан-жақты қолдаудың шаралары бекітіліп отыр. Елбасы жастардың жеке ұсыныстарын тапсырма беру арқылы қолдап, олардың ой-пікірімен санасып отыр. Мемлекетті дамытуда жастар мен Үкіметтің арасындағы тығыз қарым-қатынас күшейе түсті. Жиында байқағаныңыздай, формат өте еркін болды. Жастар Елбасын, Елбасы жастарды тыңдады», - дейді ол.

Бауыржан Бағлайдың өзі де ғылым саласында жүргендіктен, жас ғалымдарды қолдау тетіктері бағытындағы Мемлекет басшысының тапсырмасы уақыттың талабы деп біледі.

«Жастардың зерттеулеріне қосымша ақша бөлу арқылы жастардың ғылыми әлеуетіне жоғары баға берілді. Ғылым саласында тек қалыптасқан ғалымдарға ғана емес, жаңа заманның жас ғалымдарына да сөз беріліп отыр. Менің ойымша, жастардың ғылымына, зерттеулеріне қосымша қаражат бөлу - іргелі және қолданбалы ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосатын катализатор бола алады», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Назарбаев университетінің қалыптасқан кешенді бағдарламасы мен «Болашақ» бағдарламасы ұсынатын шетелдік оқу тағылымдамалары - жастардың ғылымына тың серпін әкелуге әбден қауқарлы.

«Жастар жылы - жас ғалымдарға ерекше жаңалық әкелді. Жастар жылы менің ойымша, жастардың әлеуметтік, экономикалық және өзге де күнделікті қиындықтарын шешудің тиімді жолдарын қарастырады», - дейді Бауыржан Бағлай.

Еске сала кетсек, күні кеше Президенттің қатысуымен Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталған болатын. Мемлекет басшысы Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеген еді.

Айта кетсек, Жастар жылының ашылу салтанатында Елбасы Үкіметке жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырған болатын.

Фото: assembly.kz