Грац қаласындағы мектепке шабуыл жасаған күдікті қоштасу хатын қалдырған
АСТАНА. KAZINFORM — Австриялық полицейлер гимназия оқушыларын атып өлтірген ер адамның үйінен қоштасу хатын тауып алды. Хат мазмұнына қарағанда, ол өзін моббинг (ұжым тарапынан жүйелі қысым) құрбаны деп санаған, деп жазды DW сайты.

10 маусым күні Австрияның Грац қаласындағы Драйшютценгассе гимназиясында қарулы шабуыл жасаған ер адам Грац-Умгебунг ауданындағы үйінде қоштасу хатын қалдырған. Бұл туралы Krone Zeitung газеті полиция таратқан ақпаратқа сүйене отырып хабарлаған.
Австриялық БАҚ пен полиция шабуылдаушының жеке басына қатысты тың мәліметтер жариялады. Артур А. — Австрия азаматы. Бұған дейін елдің ішкі істер министрі Герхард Карнер баспасөз мәслихатында Артур А.-ның дәл осы гимназияда оқығанын, бірақ оқуын аяқтамағанын айтқан болатын.
Қоштасу хатынан белгілі болғандай, Артур өзін ұзақ уақыт бойы жүйелі қысым мен психологиялық зорлыққа ұшыраған адам ретінде сезінген. Бұған дейін бірнеше БАҚ осындай жағдайдың қанды шабуылға себеп болуы мүмкін екендігін жазған еді.
Осыған байланысты Грац қаласында алдағы үш күн ішінде барлық мәдени, мерекелік іс-шаралар мен саяси партиялардың съездері тоқтатылды. Ел бойынша үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды.
Германиядағы бірнеше телеарна да бұл қайғылы оқиғаға байланысты өз эфир кестелерін өзгертіп, 10 маусым кешінде Грацтағы мектепке жасалған шабуыл туралы арнайы бағдарламалар мен репортаждар көрсетті.
Еске сала кетейік, мектептегі атыс сейсенбі күні шамамен сағат 10-да басталды. Оқиға болған жерде 9 адам өлтірілді. Олардың алтауы әйел, үшеуі ер адам. Алайда олардың қаншасының бала, қаншасының ересек екені белгісіз болып отыр. Кешірек тағы екі адам алған жарақаттарының ауырлығынан көз жұмды.