Грекия орман өртіне байланысты адамдарды эвакуациялап жатыр
АСТАНА.KAZINFORM — Грекияда елдің әртүрлі аймақтарында жалғасып жатқан орман өрттеріне байланысты көптеген елді мекеннен тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Орман өртіне қатысты күрделі жағдай Ахея, Сакыз (Хиос) және Эпир өңірлерінде байқалады.
Өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, сейсенбі таңынан бастап ел бойынша өртті сөндіруге 4 850 адам тартылған, таң атқанда авиация ошақтарға су шашуды қайта жалғастырды.
Грек БАҚ-ының мәліметінше, түнде Кефалония мен Мегарада жаңа өрт ошақтары тұтанған.
Ал өткен түнде Ахея префектурасының Патра қаласына жақын орналасқан Сихена ауданында шыққан өрт тұрғын үй секторына жетіп, бірнеше үйге зақым келтірді және аймақ тұрғындарын эвакуациялауға мәжбүр етті.
Сакыз (Хиос) аралының солтүстік-батысындағы ауылдар толықтай эвакуацияланды. Өрт егістік алқаптарына, ормандарға, фермаларға, қоймалар мен көліктерге айтарлықтай зиян келтірді.
Жағалау күзеті қызметкерлері мен жеке қайық иелері Лимния аймағынан шамамен 40 адамды теңіз арқылы эвакуациялады.
Эпир аймағының Превеза өңіріндегі Зирос муниципалитетінде шыққан өрт шамамен 30 шақырым аумаққа таралып, көптеген ауыл тұрғындарын эвакуациялауға мәжбүр етті.
Өрт сөндіру офицерлері қауымдастығының төрағасы Костас Цигас жергілікті телеарналардың бірінде сөйлеген сөзінде өрт жағдайын «драмалық» деп атады.
Оның айтуынша, соңғы 24 сағат өрт қаупі жоғары маусымдағы ең қиын тәуліктер болған.
Цигас тек кеше ғана 82 өрт тіркелгенін, ал қатты жел, құрғақшылық және жоғары температура өртті сөндіруді қиындатып отырғанын айтты.
— Ең қауіпті өрт ошақтары Патра мен Превезада орналасқан, әрі бұл екі өрт те елді мекендерге тікелей жақын аймақтарда таралуда, — деп толықтырды ол.
Айта кетелік Черногория орман өрттеріне байланысты халықаралық көмек сұраған еді.