Грекия өрттің кесірінен демалысы үзілген туристерге Родоста тегін демалуды ұсынады

БАКУ. ҚазАқпарат – Грекия орман өрті кесірінен аралдағы демалысын үзуге мәжбүр болған туристерге Родоста тегін демалу мүмкіндігін ұсынады. Бұл чехиялық туристерге де қатысты болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Азертадж» агенттігіне сілтеме жасап.

Грекия өрттің кесірінен демалысы үзілген туристерге Родоста тегін демалуды ұсынады
Фото: Emilia/Pixabay

«Грекия үкіметі жергілікті билікпен келісе отырып, орман өртінің кесірінен демалысы үзілгендердің барлығына келер жылдың көктемі мен күзінде Родоста бір апта тегін демалуды ұсынады. Бұл олардың аралға оралып, оның сұлулығын тамашалауға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис Ekathimerini газетіне берген сұхбатында.

Премьер-министрдің айтуынша, өрт 50 шаршы км жуық жерді шарпыған. Бұл Родос аумағының 5 пайызы деуге болады.

«Аралдың қалған бөлігіне зақым келген жоқ», - деді ол.

Алайда, ел билігінің мәлім етуінше, 200 шаршы шақырым жер жанып кеткен.

Ekathimerini ақпараты бойынша, метеорологтер тамыз бойы ауа температурасы орташадан жоғары болады деп болжайды.

Еске салсақ, өртке байланысты Родос аралынан мыңдаған турист эвакуацияланып, қауіптің «қызыл коды» жарияланған.