Грекия Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыратынына сенімділігін білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грекия Республикасының Президенті Прокопис Павлопулос Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенті болып сайлануына байланысты құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Грекия Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыратынына сенімділігін білдірді

Өз құттықтауында П.Павлопулос Қазақстан мен Грекия арасындағы берік әрі достық қатынастар мықты негізге, екі елдің бірлескен күн тәртібіндегі мәселелерді ортақ күш-жігер ғана табысты шеше алады деген сенімге сүйенетінін атап өткен.

«Біздің мемлекеттеріміз екі республика халықтарының игілігі жолындағы саяси және экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатындағы бірлескен жұмыс пен ынтымақтастықты жалғастыратынына сенімдімін», - делінген жеделхатта.

Грекия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына бақуаттылық пен бақ-береке тіледі.