Грекияда аптап ыстыққа байланысты мектептер мен Акрополь жабылды

Грекияда аптап ыстыққа байланысты мектептер мен Акрополь жабылды
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Грекиядағы рекордтық аптап ыстыққа байланысты мектептер мен Афина Акрополі жабылды. Билік кәсіпорындарға мүмкіндігінше қызметкерлерді қашықтан жұмысқа ауыстыруды ұсынады, деп хабарлайды Euronews. 

Грекия өзінің негізгі туристік орындарының бірі – ежелгі Акропольді жауып, мектептер жұмысын тоқтатты және бүкіл ел бойынша дәрігерлер жұмылдырды.

Солтүстік Африкадан ыстық ауа мен шаңды тасымалдайтын жел салдарынан бейсенбі күні Жерорта теңізі елдерінің кей жерлерінде ауа температурасы 43 градус болады деп болжанып отыр. Парфенон ғибадатханасы бар әлемдегі ең танымал археологиялық орындардың бірі орналасқан Акрополь төбесіне кіретін жол жабылып, Қызыл Крест қызметкерлері осында келген адамдарға бөтелкелермен су таратты.

Акропольге баруды жоспарлаған туристер Грекия билігінің бұл туралы алдын ала хабардар етпегенін айтып, наразылық білдірді.

Бұл – Грекияда биылғы қалыптан тыс ыстықтың бірінші толқыны. Бұрын мұндай толқындар жаздың ортасында болатын және аптап ыстық 15 маусымнан ерте басталған емес.

Соңғы жаңалықтар