Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Грекияда масаға қатысты қауіп күшейді: Батыс Ніл вирусы көбейген

АСТАНА. KAZINFORM — Грекияда Батыс Ніл вирусын жұқтыру жағдайларының өсуіне байланысты масадан қорғану шараларын күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Анадолы.

Грекияда масаға қатысты қауіп күшейді: Батыс Ніл вирусы көбейген
Фото: Анадолы

Грекияның Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық ұйымы (EODY) масалардың белсенді кезеңінде вирус жұқтыру жағдайлары елдің кез келген өңірінде тіркелуі мүмкін екенін хабарлады.

Ведомство ең алдымен қауіп тобына жататын азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Елде тіркелген жағдайлардың едәуір бөлігі Шығыс Аттика өңіріне, атап айтқанда Маркопуло және Спата муниципалитеттеріне тиесілі.

Ал Афина ұлттық және Каподистрия университетінің (EKPA) медицина факультетінің гигиена және эпидемиология профессоры Гикас Майоркинис Грекияның ERT мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында ауру жұқтыру жағдайларының өсуіне нақты не себеп болғанын әзірге анықтау мүмкін болмағанын айтты.

Профессордың сөзінше, вирус масаларға негізінен ауру жұқтырған құстардан беріледі. Оның айтуынша, қарғалар мен сауысқандар вирус айналымында ерекше рөл атқарады.

Майоркинистің пікірінше, ауру жұқтыру жағдайларының көбеюіне 2023 жылы Фессалия өңірінде болған «Даниэль» дауылынан кейін құстардың мекен ету ортасы мен көші-қон бағыттарының өзгеруі себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар профессор 50 жастан асқан адамдардың, иммундық жүйесі әлсіреген және созылмалы аурулары бар азаматтардың аурудың ауыр өтуі мен өмірге қауіп төндіретін асқынулардың даму қаупі жоғары екенін атап өтті.

— Егде жас — аурудың ауыр өтуі мен өлімге әкелетін асқынулардың негізгі қауіп факторларының бірі, — деді маман. 

Ол қауіп тобына жататын азаматтарды маса шағуынан барынша мұқият қорғануға шақырды.

Майоркинис мақұлданған масадан қорғайтын құралдарды пайдалануға, терезелерге москит торларын орнатуға, масаға қарсы торлы жабындарды қолдануға және мүмкіндігінше денені жауып тұратын киім киюге кеңес берді.

Сондай-ақ профессор үйлерде, бақтарда, балкондарда, террасаларда және жер учаскелерінде судың жиналып қалуына жол бермеуге шақырды. Себебі мұндай орындар масалардың көбею ошағына айналуы мүмкін.

Осыдан бұрын Грекия аптап ыстыққа байланысты даладағы жұмыстарға уақытша тыйым салынғаны белгілі болды.