Грекияда мемлекеттік қызметкерлер 24 сағаттық ереуілге шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Афинадағы ереуіл қоғамдық көлік жүйесін бұзды, деп жазды Анадолы.

Грекияда мемлекеттік қызметкерлер 24 сағаттық ереуілге шықты
Фото: Анадолы

Грекияда жұмысшылар мен мемлекеттік қызметкерлер үкіметтен өмір сүру құнының өсуіне қарсы шара қолдануды талап етіп, 24 сағаттық ереуілге шықты.

Жұмысшылар кәсіподақтары конфедерациясының (GSEE) және Мемлекеттік қызметкерлер конфедерациясының (ADEDY) үндеуінен кейін әртүрлі салалардағы қызметкерлер жұмысын 24 сағатқа тоқтатты.

Ереуілге Грекияның Коммунистік партиясы мен еншілес PAME кәсіподақ ұйымы да қолдау көрсетті. Ереуіл Афина мен басқа да ірі қалалардағы қоғамдық көліктердің қозғалысын шектеп тастады.  

Теміржол мен теңіз арқылы қатынас жүйесі толығымен тоқтатылғаны хабарланды. Барлық пойыздар тоқтатады, кемелер порттарда қалды. Әуе қатынасы да шектелді.

Афинада ереуілмен қатар наразылық акциясы да өтті. Қала орталығына жиналған мыңдаған жұмысшылар мен мемлекеттік қызметкерлер бағаның шарықтауы мен жалақының төмендігіне қатысты өз талаптарын айтып, парламент ғимаратына қарай бет алды. 

Зейнеткерлер 2009 жылы басталған экономикалық дағдарыс кезінде жойылған 13-ші және 14-ші зейнетақыларды қайтаруды талап етті. 

Акция барысында Палестинамен ынтымақтастық мәселесі де айтылды.

Израильдің шабуылына наразылық білдіргендер Палестина туын көтеріп жүрді. Дәл осындай наразылықтар елдің басқа да қалаларында, соның ішінде Салоникиде де өтті.

Айта кетелік, Грекияда жаңа президент сайланды.

Соңғы жаңалықтар