19:03, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Грекияда өткен халықаралық ғылыми олимпиадада маңғыстаулық оқушы жеңімпаз атанды
АҚТАУ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтау қаласындағы экономикалық лицейдің 11 сынып оқушысы Әсел Өтеева Ресей, Грекия,
ТМД елдері жастарының арасында өткен ғылыми олимпиадада тарих пәні бойынша 1-орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Грекияның Солоники қаласында өткен 18-ші халықаралық ғылыми олимпиадаға Маңғыстаудың атынан қатысқан Ә. Өтеева шетелдік профессорлар мен ғалымдар алдында «Маңғыстау - аңыздар мен әпсаналар өлкесі» атты тақырып бойынша ғылыми жұмысын қорғаған. Маңғыстаудың тарихы, бүгінгі экономикалық әлеуеті, ертеңгі болашағы туралы орыс тілінде әңгімелеген Әсел келесі кезеңдерде қойылған сұрақтарға ағылшын тілінде жауап берген. «Бұл сайысқа өзге мемлекеттерден тек мектеп оқушылары ғана емес, ЖОО студенттері де қатысты. Сондықтан бұл сында жеңіске жету оңай болған жоқ. Мен грек мифі мен Маңғыстау аңыздары арасындағы ұқсастық пен айырмашылық туралы айтып, өлкемізде туризмді дамыту жайын түсіндірдім. ЮНЕСКО құрамына кіруге ұсынылған тарихи ескерткіштер, Шопан ата, Бекет ата, Шақпақ ата тарихи орындарын, құлпытас, қойтас, там түрлері туралы да баяндап, аталмыш орындарды, өңірдің өзіне тән там салу ерекшеліктерін көрнекі құралдар арқылы суреттеп бердім. Ғылыми жұмыспен айналысқаныма 3 жыл болды. Бастапқы кезде экономика саласы қызықтырып, сол бағытта іздендім. Қазір оны тарихпен байланыстыруға қызығушылығым артты. Әсіресе, жері қазынаға, елі шежіреге бай туған өлкем Маңғыстаудың тарихына ден қойдым», - дейді ол. Әсел енді осы жүлдесімен еліміздегі кез-келген жоғары оқу орнына емтихансыз түсе алады.