Грекияда теміржолшылар ереуілге шықты, ал құтқарушылар із-түзсіз жоғалғандарды іздеп жатыр
АФИНЫ. ҚазАқпарат - Грекия кәсіподақтары нөсер жауын астында елдегі Hellenic Train теміржол операторының штаб-пәтері жанында шеру өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Олар ескірген, жеткілікті қаржыландырылмайтын және қауіпті деп саналатын теміржол жүйесінің жағдайына назар аударуды талап етіп, нашар жұмыс жағдайына наразылық білдірді.
Ереуіл салдарынан елде пойыздар, соның ішінде Афины метросы да тоқтап қалды. Жұма күні жаңа 24 сағаттық ереуіл жарияланды.
Грекияда елдің көп бөлігіне жете алмайтын шектеулі теміржол желісі бар. Көптеген жылғы жаңарту жобаларына қарамастан, негізгі рельсті өңдеу жұмыстарының көбі әлі де қолмен орындалады.
Машинистер кәсіподағының басшысы Костас Генидуниас жол қозғалысын басқарудың заманауи жүйесі үш жыл бұрын дайын болуы тиіс екенін айтты. 2020 жылдан бастап кәсіподақ өкілдері грек теміржол инфрақұрылымына жауапты компанияға, OSE-ге, сондай-ақ мемлекеттік және реттеуші органдарға заңды хабарламалар жібергенімен, одан жауап алған жоқ, деді ол.
Қаза тапқандардың туыстары да билік пен теміржол операторына сын айтты.
«Олар (теміржол компаниясы) менің атымды төрт рет сұрады, бірақ маған ешкім қоңырау шалған жоқ. Жақындарым қайтыс болды. Мен ағамнан, әкемнен айырылдым. Мұны өзгерту мүмкін емес. Түсінемін», - деді марқұмның туысы Димитриос Бурназис.
Қайғылы оқиға орнында арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Грекияның өртпен күрес қызметінің мәліметінше, 56 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Грекия тарихында ең ауыр теміржол апаты салдарынан ресми түрде 57 адам қайтыс болды деп танылды.
Еске салайық, Лариса қаласына жақын Темпе елді мекенінде жолаушылар және жүк пойыздары бір жолға түсіп қалған. Біріншісі Афиныдан Салоникиге, екіншісі - қарама-қарсы бағытта кетіп бара жатқан.
Соқтығыс кезінде пойыздардың бірінші вагондары толығымен жаншылып, соққыдан дөңгелектер мен корпус сынықтары теміржол жолынан 100 м қашықтыққа ұшып кеткен. Оқиғадан кейін өрт шықты.
Елдің Инфрақұрылым және көлік министрі Костас Караманлис кем дегенде 40 адамның өмірін қиған жолаушылар пойызы апатынан кейін отставкаға кетті.
Жолаушылар пойызында 350-ге жуық адам болған. Олардың көбі - 4 жылда алғаш өткізілген карнавалдан қайтып келе жатқан студенттер.