Грекияда жаппай ереуіл өтіп жатыр
АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Грекияда 24-сағаттық жаппай ереуіл басталды. Бұл туралы шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап, Bnews.kz хабарлайды.
Акцияға метро және трамвай парктерінің жұмысшылары, мемлекеттік емхана дәрігерлері, фармацевтер, судьялар, бірқатар университет оқытушылары мен көптеген қонақүйлердің қызметкерлері қатысты.
«Олар халықаралық несие берушілердің келісімі аясында үкімет әзірлеп жатқан еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді қысқартуға қарсы наразылық білдіруде. Бейсенбі күні ел үкіметі бюджет шығындарын 2-3 млрд еуроға қысқарту туралы шешім қабылдауы тиіс болатын», - деп атап өтті Грекияның Ekathimerini газеті.
Ереуілге қатысқандар еңбекақының қысқаруына ғана қарсы шыққан жоқ, олар қалалық көліктің жолақысын 2009 жылғы деңгейге, яғни 1 еуроға дейін арзандатуды талап етіп отыр (қазіргі жолақы бағасы - 1.40 еуро). Сондай - ақ, кәсіподақтар биліктен жұмыссыздарға, студенттер мен төмен зейнетақы алатын адамдардың қоғамдық көлікте тегін жүруін талап етуде.
Грекия баспасөзінің хабарлауынша, дәрігерлер, фармацевтер және сот қызметкерлері ереуілді қыркүйек айының соңына дейін жалғастырмақ. Ал жаппай ереуіл өткізу 26 қыркүйек күніне белгіленіп отыр.