Грекиядағы пойыз апатының себебі не

None
Фото: Vaggelis Kousioras
АФИНА. ҚазАқпарат – Грекияның солтүстігінде екі пойыздың соғысуы салдарынан кемінде 43 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға сейсенбі күні түн ортасына қарай орын алған. Афинадан Салоники қаласына жол тартқан жолаушылар пойызы жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатып, қарсы шыққан жүк пойызымен бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан жолаушылар пойызының үш вагоны рельстен шығып кетіп, артынан өрт тұтанған.

Жүк пойызының дәл сол жолға неліктен түскені әзірше белгісіз. Төтенше жағдайды тергеу аясында Лариса қаласының темір жол стансасы бастығының тұтқынға алынғаны, оның үстінен бірнеше адамның өліміне себеп болған тасымалдау қауіпсіздігін бұзумен байланысты ауыр қылмыс бойынша іс қозғалғаны туралы хабар бар. Бірақ, оның аты-жөні жарияланған жоқ. Егер станса бастығының кінәсі дәлелденетін болса, онда ол Грекия Қылмыстық кодексінің 291 бабына сәйкес 10 жылдан өмір бойға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Фото: REUTERS

Апатқа кім кінәлі?

Грекияның ERT1 телеарнасының құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, станса бастығы өзінің кінәлі екендігін мойындаған.

«Мен қателік жбердім. Катериниден коммерциялық жүк пойызы келе жатқан бағдарға жолаушылар пойызын жөнелттім», - деп мойындаған станса бастығы.

Associated Press агенттігінің деректеріне қарағанда, жол апатынан кемінде 43 адам қаза тапқан. Қаза тапқандардың арасында кішкентай балалар мен студенттердің саны басым. Сонымен қатар 9 теміржолшы мерт болған. Грекия Қаржы министрлігі қаза тапқандарды жерлеу рәсімін мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асыру туралы шешім шығарды.

Лариса қаласының бас коронері Рубини Леондари өлген адамдардың кім екенін анықтау үшін ДНК-сараптама қажет екенін айтып отыр. Өйткені, мәйіттер адам танымастай бүлінген. Өрт сөндірушілер де жалын температурасы 1300 градусқа жеткенін айтуда.

Hellenic Train темір жол компаниясының мәліметтеріне сәйкес, екі пойызда жалпы 354 адам болған. Оның ішінде жолаушылар пойызында 12 бригада мүшесі мен 342 жолаушы, ал жүк пойызында 2 адамның болғаны анықталып отыр. Грек өрт сөндіру қызметінің ақпаратына қарағанда, пойыздар соқтығысқаннан кейін 72 адам ауруханаға түскен. Олардың 15-і сәрсенбі күні кешкісін үйлеріне жіберілді.

Фото: REUTERS

Осы қайғылы оқиғадан кейін елдің Көлік министрі Костас Караманлис ресми мәлімдеме жасап, қызметінен кететіндігін ашық айтты.

«Қазір ғана Темпе қаласынан, қайғылы оқиға орын алған жерден оралдым. Жүрек ауырады. Грек темір жолын 21 ғасырға сай келмейтін жағдайда алғанымыз факті. Осы 3,5 жылдың ішінде мұндай жағдайды жақсарту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсадық. Өкінішке қарай, бұл күш-жігеріміз мұндай апаттың алдын алуға жеткіліксіз болып шықты. Және де бұл барлығымыз үшін де, жеке өзім үшін де өте ауыр жайт. Осындай қағылы оқиғалар орын алғаннан кейін түк болмағандай ары қарай жұмыс істей беру мүмкін емес», - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Фото: Zuma/TASS

Сонымен қатар Көлік министрі саясатта бірнеше жылдан бері жүргенін, бірақ, ел азаматтарының саяси жүйеге сенім артуы демократияның маңызды элементі санайтынын атап өтеді.

«Мұны саяси жауапкершілік деп атайды. Осы себепті мен Инфрақұрылым және көлік министрі лауазымынан отставкаға кететіндігімді жариялаймын. Өмірден әділетсіз өткен адамдарға тым болмағанда құрмет ретінде әрекет етуді және грек мемлекеті мен саяси жүйенің дер уақытында түземеген қателігіне жауапкершілікті өз мойныма алуды парызым деп санаймын», - деді Костас Караманлис.

Пойыздар неге соқтығысты? Болжам

ERT1 телеарнасының мәліметінше, Грекия темір жолдары ұйымы Машинистер федерациясының (OSE) президенті Костас Генидуниас пойыздардың соқтығысуына қатысты өзінің болжамын білдірген. Оның атап өтуінше, темір жолдағы апат автоматтандырылған ескерту жүйесінің істен шығуы салдарынан екі пойыз бір жолға түсуі ықтимал.

«Ештеңе жұмыс істемейді. Мұның барлығы адами факторды қолдану арқылы, яғни қолмен жасалып отыр», - деді Машинистер федерациясының президенті.

Костас Генидуниастың сөзіне қарағанда, егер жүйе жұмыс істеп тұрған кезде машинистер қызыл дабыл белгісін байқап, пойыз 500 метрлік арақашықтықта тоқтар еді.

Фото: REUTERS

«Кейбір вагонда рдағы жолаушылар шыға алмай қалды»

Reuters агенттігі пойыздар соқтығысқаннан кейін вагондар аударылып, өрт құшағына оранған сәтті бастан кешірген жолаушылардың «10 секунд ішіндегі» жантүршігерлік оқиғаларын жариялады.

Қираған вагоннан секіріп аман қалған 28 жастағы Стергиос Миненис қатты жарылысты естігендерін айтады.

«Біз вагонмен бірге ол бүйірлеп құлағанға дейін аунадық. Содан кейін дүрбелең басталып кетті. Вагонды бірден өрт шарпыды. Аунап келе жатқан кездің өзінде өрт шыққан болатын. Барлық жерде қызыл жалын болды. 10-15 секундтың ішінде нағыз аласапыран орын алды», - деп еске алады Стергиос Миненис.

Ал Грекияның Skai телеарнасына сұхбат берген тірі қалған жолаушылардың бірі өте қорқынышты болғанын еске алады.

Фото: АР

«Бақытымызға орай біз есікті өте жылдам ашып, сыртқа шыға алдық. Ал өзге вагондағы адамдар шыға алмай қалды», - деді ол.

Грекияда үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды

Айта кетерлігі, қайғылы оқиға орын алған кезде Грекия Президенті Катерина Сакелларопулу Молдовада ресми сапармен жүрген болатын. Қайғылы оқиғаны естігеннен кейін ол сапарын тоқтату туралы шешім қабылдады.

«Сапарымды тоқтатып, отаныма оралуға мәжбүрмін. Өйткені, қазіргі уақытта біздің барлық ойымыз пойызда болған адамдармен, жақындарынан айырылғандардың туған-туыстарымен, жарақаттанғандармен бірге», - деді ол Кишиневте өткен брифинг барысында.

Ал Грекия Премьер-Министрінің шешімімен 1-3 наурыз күндері елде үш күндік ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Жастар ереуілі

ТАСС агенттігінің ақпаратына қарағанда, осы қайғылы оқиғадан кейін грек жастары Афина мен Салоники қалаларында наразылық акциясын ұйымдастырды. Нақтырақ айтсақ, Афинада жастар Грекиядағы барлық жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыратын итальяндық Hellenic Train темір жол компаниясының кеңсесіне жиналды. Жастардың түрлі ұйымдарының өкілдері майшам жағып, қара транспаранттер көтерді. Алайда, полиция арнаулы жасағының отряды көзден жас ағызатын газ қолданып, жастарды кеңсе алдынан ығыстырды.

Салоники жастары да наразылық шеруін өткізді. Іс-шараға шамамен 2 мың адам қатысып, олар қала орталығымен жүріп өтті. Сонымен қатар жаңадан салынған Салоники темір жол вокзалы маңына барып, пойыз апатынан мерт болғандардың құрметіне гүл шоқтарын қойды.

Фото: АР/ТАСС


Соңғы жаңалықтар
telegram