Грекияның басына түскен кемшілік баршаға ортақ кемшілік - Бұрынғы вице-премьер Теодорос Пангалос

Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Грекияның бұрынғы вице-премьері Теодорос Пангалос осылай мәлім етті.
Жиын барысында өз пікірін ортаға салған саясаткер алдымен «Еуропалық одақ кіші мемлекеттер үшін қандай басымдық ұсынды?» деген мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бірінші кезекте, Грекиямен көршілес мемлекеттердің барлығында дерлік өндірістік көрсеткіштер артты.
«Екіншіден, өнеркәсіптік өндірісі, оның ішінде әсіресе Грекиядағы ауыл шаруашылығы артты, өйткені шынын айту керек, біздің еліміз бұған дейін агроөнеркәсіп кешенімен ерекшеленген емес. Дегенмен, Еуропалық одақта біз ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға мүмкіндік алдық. Енді халықаралық ауыл шаруашылығы нарығында біздің де өнім шыға бастады. Ортақ еуропалық қорлар арқылы қаржыландырылған жаңа инфрақұрылым пайда болды. Жалпы, біз қаперге алмаған кемшіліктер, тек гректердің басындағы кемшілік емес, ол баршаға ортақ. Ең бастысы қарапайым қағиданы яғни, ұлттық валюта жүйесінде қордаланып жатқан ақша мен халықтың шектеусіз тұтынуы арасындағы тепе-теңдікті сақтамаған мемлекет бір біз ғана емеспіз», - деді Теодорос Пангалос.