Гренландия дауы: Дания АҚШ-пен бейбіт келісімге үміттенеді

АСТАНА. KAZINFORM – Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Арктика мен Гренландияға қатысты мәселелер бойынша Дания мен АҚШ бейбіт ынтымақтастық арқылы ортақ шешімге келе алады деп үміт білдірді. Бұл туралы Xinhua агенттігі жазды.

Гренландия дауы: Дания АҚШ-пен бейбіт келісімге үміттенеді
Фото: Синьхуа

Фредериксен бұл туралы Финляндияның солтүстігіндегі Рованиеми қаласында өткен Еуропалық Арктика саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Гренландияға қысым күшейіп отыр. Премьер Еуропадағы серіктестеріне күшті қолдауы үшін алғыс білдірді.

Фредериксен Данияның АҚШ-пен қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы, соның ішінде Гренландиядағы ынтымақтастықты нығайтқысы келетінін айтты. Гренландия мәселесі бойынша жоғары деңгейдегі жұмыс тобы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Сондықтан әзірге нақты қорытынды жасауға ерте болғанымен, премьер алға жылжу мүмкіндігіне оптимистік көзқараста.

– Әрине, біздің үмітіміз – бейбіт ынтымақтастық арқылы ортақ шешімге келу, – деді Фредериксен.

Арктикадағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталған ол Гренландияда бірнеше одақтас елдің бірлескен әскери жаттығулар өткізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Еуропа және трансатлантикалық серіктестер Гренландия мен жалпы Арктика аймағының қауіпсіздігіне ұжымдық түрде көбірек жауапкершілік алып келеді.

13–14 қыркүйекте өткен саммиттің мақсаты – өңірдің геосаяси маңызы артып отырған жағдайда Еуропалық одақтың Арктикаға қатысты ортақ стратегиялық ұстанымын нығайту.

Гренландия – Дания Корольдігінің құрамындағы өзін-өзі басқаратын аумақ. Дональд Трамп 2025 жылы Ақ үйге қайта оралғаннан бері аралды АҚШ бақылауына алуға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл Даниямен және басқа да еуропалық одақтастармен қарым-қатынасты ушықтырды.

Айта кетейік, соңғы рет Трамп АҚШ Гренландияны бақылауға алуы тиіс екенін шілде айында мәлімдеген.

Ал оның алдында Трамп Гренландиядан кейін Үнді мұхитындағы Чагос аралдарын сатып алғысы келетінін айтқан.