Грета Тунберг мектептегі соңғы ереуілін өткізді
«Мектептегі ереуілдердің 251-ші аптасы. Бүгін мен мектеп бітіремін, сол себепті климатты қорғап ереуілге шыға алмаймын. Бұл - менің мектептегі соңғы ереуілім», - деп жазды Тунберг Twitter-де.
Соған қарамастан, 20 жастағы белсенді жұма күндері ереуілге шығып тұратынын айтты, бірақ ол енді мектептегі ереуіл болмайды.
«Бізде қолымыздан келгеннің бәрін істегеннен басқа амал жоқ. Күрес енді басталды», - деп атап өтті ол.
2018 жылдың тамызында Швециядағы парламент сайлауына бір апта қалғанда Грета Тунберг алғаш рет Стокгольмда климатты қорғау акциясына шықты.
15 жасар оқушы саясаткерлерді Жердегі температураның бір жарым градустан артық көтерілуіне жол бермеу үшін жедел шаралар қолдануға мәжбүрлегісі келді.
Көп ұзамай Гретаны үлгі еткен әлемдегі басқа да мектеп оқушылары жұма күндері мектептегі сабағына бармай климатты қорғау акциясына қатыса бастады.
Тунберг жаһандық «Жұма болашақ үшін» қозғалысының негізін қалаушы әрі климат өзгеруінің салдарына алаңдайтын өз буынының рупорына айналды.
Ол халықаралық конференцияларға қатысады, шетелдік жоғары шенді қайраткерлермен және халықаралық ұйым өкілдерімен кездеседі.
«Біз осы науқанды бастағалы көп нәрсе өзгерді. Әлі де атқарылар жұмыс көп» - деп жазды белсенді Twitter-де.
Сондай-ақ ол қоғам қоршаған ортаға қарым-қатынас тұрғысынан әлі де дұрыс бағытта емес екенін атап өтті.