Грета Тунберг Швецияға оралды, ал Израильде сегіз белсенді қамауда

АСТАНА. KAZINFORM — Грета Тунберг өз жақтастарын Газадағы соғысты тоқтату және гуманитарлық көмекті тұрақты жеткізуді талап ету үшін үкіметке қысымды күшейтуге шақырды, деп хабарлайды euronews.com

Грета Тунберг Швецияға оралды, ал Израильде сегіз белсенді қамауда
Фото: x.com/GazaFFlotilla

Израильден депортацияланғаннан кейін экобелсенді Грета Тунберг Швецияға оралды. Ол Газа секторының жағалауына бет алған «Бостандық флотилиясы» экспедициясының тағы үш қатысушысымен бірге елден ерікті түрде кетуге келісім берген.

Ал сегіз белсенді, оның ішінде Франциядан Еуропарламент депутаты Рима Хассан, Израильден ерікті түрде шығу туралы құжаттарға қол қоюдан бас тартып, елде қамауда қалды.

9 маусымға қараған түні Израильдің теңіз арнайы жасағы «Мадлин» кемесін бақылауына алып, оны Ашдод портына жеткізді. Кемеде болған 12 адам Израиль билігі тарапынан ұсталып, бірнеше сағаттан кейін депортация үшін Бен-Гурион әуежайына жеткізілді.

Швецияға оралғаннан кейін Тунберг кеменің ұсталуын — арандатушылық, ал өзінің ұсталуы мен елден шығуын — «ұрлау» деп атады. Сондай-ақ, Израильде оған дөрекі қарағанын айтып, қамауда қалған белсенділерді босатуға шақырды.

Тунбергтің айтуынша, «Бостандық флотилиясы» Газа тұрғындарына гуманитарлық көмекті жеткізіп, анклавқа Израиль тарапынан көрсетілетін шектеулерге қарсылық білдіру мақсатында аттанған.

— Бұл миссияның қаншалықты қауіпті екенін жақсы білдік. Мақсатымыз — Газаға жетіп, көмекті тарату болды, — деді ол.

Ол белсенділердің гуманитарлық көмекті анклавқа жеткізуге және «әділетсіз блокаданы» бұзуға тырысуды жалғастыратынын айтты.

Бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац швед экобелсендісі бар «Мадлин» кемесінің палестиналық аумақ жағалауына жетуіне жол бермеуді бұйырған еді.

Айта кетелік Израиль Грета Тунберг және Газаға барар жолда ұсталған басқа белсенділерді депортациялайтыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар