Гросс тренажерін жасаушы Юхан Гросс Түркістандағы сал ауруы бар балаларды жаттықтырды

Шетелдіктер қаладағы №16 мектептің психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіндегі емдік қондырғы қимыл-қозғалысы бұзылған балаларды оңалтуға көмектесуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті нұсқаушыларға шеберлік сабағын өткізген шынығу құралының авторы Юхан Гросс мәнерлеп сырғанаудан Эстонияның төрт дүркін чемпионы, әлемге аты әйгілі спортшы. Ол өз шәкірттерін жаттықтыруға арналған тренажерді осыдан жарты ғасыр бұрын ойлап тапқан. Уақыт өте бұл қондырғының сал ауруының зардабын тартқан балаларды, Даун синдромы, ортопедиялық және неврологиялық патологиясы бар балаларды емдеуге тиімді екендігі белгілі болды.
Өңірде зерде бұзылыстары бар және ерекше білім беруді талап ететін балаларға арналған 16 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Онда науқас балаларға логопед, психолог, дефектолог мамандары көмек береді. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар жалпы мектептерде білім ала отырып, инклюзивті кабинеттерде ем қабылдайды. Юхан Гросс мұнда сал ауруына шалдыққан жеткіншектердің дене салмағын төмендетуге, есту-сөйлеу қабілеті мен ақыл-ойының дамуына да көмектесуде.
Айта кетейік, облыста есту, көру, тіл кемістігі мен ауытқуы секілді зерде бұзылыстары бар 22 мыңнан астам бала бар. Олардың 3 мыңға жуығына ұстаздар үйлеріне барып сабақ берсе, қалғандары мектеп-интернаттарында және жалпы орта мектептерде білім алады.