Грузин-абхаз қақтығысы аумағындағы БҰҰ миссиясының қызметі тоқтатылды
НЬЮ-ЙОРК. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун ағымдағы жылдың маусым айының 16-сынан бастап грузин-абхаз қақтығысы аумағындағы БҰҰ миссиясының қызметін тоқтату туралы өкім шығарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл шешім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі дауыс берудің қорытындысы негізінде қабылданып отыр. Маусымның 15-інде Ресей грузин-абхаз қақтығысы аумағындағы БҰҰ миссиясының мандатын ұзарту туралы қарардың жобасына вето қойды. Дауыс берудің басында Ресей Федерациясының БҰҰ Жанындағы Тұрақты өкілі Виталий Чуркин сөз сөйлеп, аймақтағы жаңа әскери-саяси және мемлекеттік-құқықтық ахуалдың халықаралық құжаттарында дәлме-дәл көрсетілу қажеттілігі туралы мәлім етті. Ресей грузин-абхаз шекарасындағы қауіпсіздіктің жаңа режімін қолдап отыр. Осыған байланысты аймақтағы тұрақтылықты қолдау жөніндегі бірқатар нақты шаралар ұсынылды, бірақ оларды батыстық серіктестер қабылдаған жоқ. Пан Ги Мун өз мәлімдемесінде, Қауіпсіздік Кеңесінің аталмыш мәселе бойынша келісімге келе алмағанына өкініш білдірді және миссия қызметкерлеріне, сондай-ақ олардың елдеріне қызметтері үшін алғыс білдірді. БҰҰ Бас хатшысы аймақтағы тыныштықты қорғау жолында қаза тапқандарды еске алып, құрмет көрсетті.