Грузин мәдениеті Астанада: 20-дан астам дизайнерлік бренд таныстырылады

АСТАНА. KAZINFORM — 12–14 желтоқсан аралығында Астанада заманауи грузин сәнін, мәдениетін, кәсіпкерлігін және креативті индустриясын біріктіретін KARTVELI ICONS халықаралық іс-шарасы өтеді. Бұл туралы Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мәлім етті.

Грузин сәні Астанада: елордада 20-дан астам дизайнерлік бренд таныстырылады
Фото: Kazinform/ЖИ

Үш күн бойы Қазақстанның елордасы киім, аяқ киім, әшекейлер мен авторлық бұйымдарды ұсынатын 20-дан астам грузин дизайнерлік бренді таныстырылатын алаңға айналады. Жоба қазақстандық аудиторияны Грузияның заманауи сән индустриясымен таныстыруға, халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейтуге және екі ел өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, KARTVELI ICONS бағдарламасы сән көрсетілімдерін, дизайнерлік брендтердің көрме экспозициясын, іскерлік кездесулерді, мәдени бағдарламаны және индустрия өкілдерінің кәсіби өзара байланысын қамтиды. Іс-шараға кәсіпкерлер, сән индустриясы мен креативті сала өкілдері, медиа, қоғам қайраткерлері және арнайы шақырылған қонақтар қатысады деп күтіледі.

Бұл бастама Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени және экономикалық қатынастарды дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие. KARTVELI ICONS — дизайнерлік брендтердің таныстырылымы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік байланыстарды нығайтуға және заманауи грузин эстетикасын халықаралық деңгейде танытуға арналған маңызды алаң.

Іс-шара Hilton Garden Inn Astana қонақүйінде Қазақстан Республикасындағы Грузия Елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруымен және жобаның серіктестерінің қолдауымен өтеді.

Айта кетейік, қазақстандық креаторлар бес айда 200 млн теңгенің өнімін сатқан болатын.