Грузин шарабы жалған өнімнен үш деңгейлі қорғаныспен қамтамасыз етіледі
АСТАНА.KAZINFORM — 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап Грузияда шарапқа цифрлық таңбалау міндетті болады. Жаңа жүйе өнімді қолдан жасаудан қорғауға мүмкіндік береді. Ал сатып алушылар сусынның түпнұсқалығын смартфон арқылы тексере алады, деп хабарлайды Newsgeorgia.
Басылымның хабарлауынша, Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрлігі таңбалаудың жаңа ережелерін бекіткен.
Жүйе үш деңгейлі қорғанысты қамтиды. Біріншісі – Шарап жөніндегі ұлттық агенттіктің белгісі бар көзге көрінетін таңба. Екіншісі – арнайы құрылғымен оқылатын жасырын белгі. Үшіншісі – өнімнің түпнұсқалығын тексеруге арналған арнайы сараптамалық таңба.
Қорғаныш белгілері желімделген жерінен ажыратуға әрекет жасағанда бүлінетін арнайы материалдан жасалады. Бұл таңбаны басқа бөтелкеге қайта жапсыруға жол бермейді.
Әрбір таңбада QR-код болады. Оның көмегімен сатып алушылар шараптың атауы мен санатын, өндірушісін, топтама нөмірін біле алады. Сондай-ақ сәйкестік сертификаты мен таңбаның электрондық жүйедегі мәртебесін тексеруге мүмкіндік бар.
Бұл ретте жапсырманың болуы өнімнің заңдылығын өздігінен растамайды. Таңба өндіруші оны іске қосып, тиісті сертификатқа тіркегеннен кейін ғана жарамды болады.
Жаңа талаптар бөтелкедегі және құйма шарапқа да қолданылады. Құйма шарап жағдайында таңбалау цистерналар мен тұрақты ыдыстарға жүргізіледі.
Өндірушілер қорғаныш белгілерін алу үшін электрондық форматта өтінім бере алады. Шарап жөніндегі ұлттық агенттік өтінімдерді екі жұмыс күні ішінде қарайды. Ал қорғаныш белгілерін беру мерзімі бес жұмыс күнінен аспайды.
Билік таңбалау құнын 2027 жылғы ақпанға дейін түпкілікті белгілейді. Алдын ала болжам бойынша, бір бөтелкеге шамамен 10 тетри көлемінде төлем белгіленуі мүмкін. Шағын шарап өндіруші шаруашылықтар үшін жеңілдетілген тарифтер қарастыру жоспарланып отыр.
Бұған дейін Грузияда Ұлттық гастрономия агенттігі құрылғаны хабарланған еді. Оның міндеттерінің бірі – дәстүрлі өнімдерді қорғау. Әсіресе материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген квеври деп аталатын саз құмыраларда грузин шарабын өндіру технологиясын сақтауға басымдық берілмек.
Айта кетелік жеміс шараптарын өндіруге бақылау күшейтілуі мүмкін екендігін жазған едік.