Грузия байқаушысы: Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары жоғары кәсіби деңгейде өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлаулары жоғары кәсіби деңгейде өтті. Бұл туралы бүгін Грузия Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Георгий Шарабидзе айтты.

Грузия байқаушысы: Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары жоғары кәсіби деңгейде өтті

«Біз Астана қаласындағы 10-нан астам сайлау учаскесіндегі жұмысты байқадық. Сайлау процесі тыныш әрі бейбіт ахуалда өтті. Сайлаушылар үшін, олардың еркін қалауын білдіруі үшін барлық жағдай жасалған. Учаскелік комиссиялар кәсіби тұрғыда жұмыс істеді», - деді Г.Шарабидзе.

Сонымен қатар ол өздерінің байқаушылар тобы сайлау заңнамасының бұзылуы жайындағы бірде-бір деректі тіркемегендігін атап өтті.

«Сайлау учаскелерінің техникалық тұрғыда жақсы жарақтанғанын әрі логистиканың ыңғайлы ұйымдастырылғандығын атап өткен орынды. Сайлау жоғары кәсіби деңгейде өтті деуге толық негіз бар», - деді грузиялық байқаушы.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. ҚР ОСК деректеріне сәйкес, облыстық, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларынан келіп түскен хабарлар бойынша тізімге енгізілген 9 млн. 810 мың 920 сайлаушының 7 млн. 564 мың 281-і сайлау бюллетеньдерін алды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, республика бойынша тізімге енгізілген барлық сайлаушылардың 77,1 пайызы дауыс беруге қатысты. Өткен сайлаулардың деректерімен салыстырғанда, бұл - рекордтық көрсеткіш.