Грузия экспорты 19,6 пайыз өсті: мұнай өнімдерінің үлесі артты

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы тауар экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 19,6 пайыз өсіп, 6,15 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Грузияның Ұлттық статистика қызметінің (Geostat) деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.

мұнай
Фото: freepik.com

Бұл ретте экспорт құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалады: автомобиль экспорты шамамен төрттен бірге қысқарса, мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу көлемі 12 еседен астам өскен.

Автомобильдер Грузияның басты экспорттық тауары болғанымен, олардың экспорт көлемі 23,7 пайыз қысқарып, 1,53 млрд доллар болды. Нәтижесінде автомобильдердің жалпы экспорттағы үлесі 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 38,9 пайыздан 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 24,9 пайызға дейін түсті.

Сонымен қатар мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты 62,8 млн доллардан 811,8 млн долларға дейін өсті. Олардың жалпы экспорттағы үлесі 1,2 пайыздан 13,2 пайызға жетті. Ал бағалы металдар кендері мен концентраттарының экспорты 68 пайыз өсіп, 464 млн долларды құраса, мыс кендері мен концентраттарының экспорты екі еседен астам артып, 163,4 млн долларға жетті.

Грузия экспортының негізгі бағыттары да өзгеріске ұшырады. Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қырғызстан 650,2 млн долларлық грузин тауарын импорттап, елдің ең ірі экспорт нарығы мәртебесін сақтап қалды. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,8 пайыз азайды. Ал Қытай Грузиядан импорт көлемін 168,7 пайыз арттырып, 583,1 млн доллар көрсеткішімен екінші орынға шықты. Сондай-ақ алғашқы төрттікке енген Әзербайжанға 566,7 млн доллардың, Ресейге 560,2 млн доллардың тауары жөнелтілді.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Грузияның сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға көбейіп, 20,54 млрд долларға шықты. Бұл кезеңде импорт көлемі 5,3 пайыз өсіп, 14,38 млрд доллар болды. Ал сыртқы сауда тапшылығы 8,23 млрд долларға жетіп, жалпы тауар айналымының 40,1%-ын құрады.

Бұған дейін Қазақстан Грузияға экспорт көлемін арттыратынын хабарлаған едік.