Грузия ЕҚЫҰ Төрағасының бастамаларын қолдайды

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат - Грузия ЕҚЫҰ Төрағасының бастамаларын қолдайды және оның жүзеге асуына тілектес. Осы пікірді бүгін Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Паата Каландадзе ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен өткен кездесуінде мәлім етті,

Грузия ЕҚЫҰ Төрағасының бастамаларын қолдайды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараптар әңгіме барысында Қазақстан мемлекетінің Басшысы жария еткен еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының ұраны төрт "Т" - "траст" (сенім), "традишн" (дәстүр), "транс­парен­си" (ашықтық) және "толеранс" (төзім­ділік) туралы сөз қозғады. Қазақстанның ұстанымы ЕҚЫҰ елдері арасында ғана емес, барлық Еуразиялық құрлық бойынша қарым-қатынасты нығайтуға, қаіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосатыны айтылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның бастамаларын көптеген елдер қолдап отыр. Соның ішінде үстіміздегі жылы Астанада шақырылып отырған толеранттық жөніндегі Конференция және ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Саммиті екені анық. Ыстамбұл саммитінен кейін арадағы он жылдан астам уақыт бойы қордаланып қалған мәселелер бойынша кеңесетін кез келгені айтылды.

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сауда-экономикалық айналымды жақсарту мәселесі сөз болды. Грузия елшісі қаржы дағдарысы кезінде бірде-бір қазақстандық компания жұмысын тоқтатпағанын мәлімдеді. «Біз Қазақстанды сенімді әріптес деп білеміз»,- деді.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Грузия Парламенттері арасында достық тобы жұмыс істеп жатқанын, заң шығаруда тәжірибе алмасу үшін достық тобының қызметін жандандыру, жиі байланыс орнату қажеттігін айтты. Мейман Мәжіліс Төрағасына грузиялық әріптесінің сәлемін жеткізіп, өз елдеріне келуге шақырғанын айтты.

Кездесуде Мәжіліс Төрағасы Грузия Елшісін жаңа қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстандағы мәртебелі қызметіне табыс тіледі.