Грузия электр энергиясы экспортын бес есе арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Грузия 2036 жылға қарай энергия өндірудің белгіленген қуатын 2,5 есе арттырып, шамамен 11,5 мың МВт-қа жеткізуді, электр энергиясы экспортын бес есе ұлғайтуды және импортқа тәуелділікті іс жүзінде нөлге дейін төмендетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы елдің экономика және тұрақты даму министрінің орынбасары Инга Пхаладзе мәлімдеді.
Инга Пхаладзенің айтуынша, Грузияның энергетикалық саясатының басты міндеті – сыртқы жеткізілімдерге барынша тәуелсіз, қауіпсіз, тұрақты әрі икемді энергия жүйесін қалыптастыру. Ол бұл мақсатқа жету үшін Грузияда айтарлықтай табиғи әлеует бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта елдің энергия жүйесінің белгіленген қуаты шамамен 4780 МВт. Оның шамамен 3500 МВт-ы гидроэнергетикаға тиесілі.
Инга Пхаладзе қазіргі уақытта елде жалпы қуаты шамамен 6000 МВт болатын 312 белсенді энергетикалық жоба бар екенін айтты. Оның ішінде қуаты 1530 МВт гидроэнергетика, 2340 МВт жел энергетикасы және 2090 МВт күн энергетикасы жобалары бар.
Бұған дейін Грузияның еңбек нарығында 2026 жылы белсенділіктің төмендегені, бос жұмыс орындарының саны қысқарып, жұмыс күшіне деген сұраныс құрылымының айтарлықтай өзгергені хабарланған болатын.
Айта кетелік Грузияда рұқсатсыз жұмыс істегендер 5 жылға дейін елден шығарылуы мүмкін.