Грузия көктемде ЕО-мен визасыз режім туралы шешім қабылдамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия алдағы көктемде ЕО елдерімен арадағы визасыз режім туралы шешімді қабылдауға ынталы, деп хабарлады Грузияның еуроинтеграция мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр Алекси Петриашвили.
Оның айтуынша, ел визаны ырықтандыру бойынша іс-әрекет жоспарының жаңа кезеңіне көшуге әзір.
«Еурокомиссияның бағалауының маңызы зор. Бұл - үлкен қадам. Ол Грузияны Еуроодақпен визасыз режімге жеткізеді. Біз қалған уақытта, көктемге дейін Ригада өтетін саммитте визасыз режім туралы оң шешім қабылдауға үлгеруіміз қажет», - деді мемлекеттік министр.
Еурокомиссия Грузияның визалық режімді ырықтандыру жөніндегі іс-әрекет жоспарын орындау жөніндегі екінші есебін қабылдады. Ерокомиссияның мәлімдемесіне сәйкес, Грузия визалық диалогтың бірінші фазасы бойынша талаптарды қанағаттандырды, енді екінші фаза аясында жұмыс басталуы ықтимал.