Грузия парламенті аппаратында ChatGPT мен Claude жүйелері қолданылады

АСТАНА. KAZINFORM — Грузия парламентінің аппараты қызметкерлерінің жұмысын тиімді ету үшін ChatGPT Business және Claude AI Pro платформаларына бір жылдық лицензия сатып алмақ. Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі Business Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Грузия Парламенті
Фото: Imago-Images/R. Unkel

Грузияның мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сәйкес, жеті пайдаланушыға арналған ChatGPT Business платформасының бір жылдық лицензиясы 10 500 лариден (шамамен 4 мың доллар) аспайды. Ал Claude AI Pro лицензиясын сатып алуға 826,84 лари (шамамен 320 доллар) бөлінген.

Сатып алу құжаттарында көрсетілгендей, бұл бастама парламент аппаратының жұмысына жасанды интеллектінің заманауи мүмкіндіктерін енгізуді көздейді. Атап айтқанда, ChatGPT Business платформасы жұмыс процестерін автоматтандыруға, үлкен көлемдегі деректер мен мәтіндерді талдауды жеделдетуге және жұмыс уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

ChatGPT Business платформасын пайдалану құны оның тарифтері мен сұраныс көлеміне қарай белгіленген. Жеті адамға арналған бір жылдық жазылым құны 10 500 лариден аспайды.

Аталған құжатта ЖИ енгізу парламент аппаратының жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталғаны айтылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Грузия жасанды интеллект саласындағы әріптестікті күшейтетінін хабарлаған едік.