Грузия парламентінде депутаттар төбелесіп қалды

Грузия
Фото: видеодан кадр/ТАСС

ТБИЛИСИ. КAZINFORM – Грузия парламентінің оппозициялық «Азаматтар» партиясының депутаты Александр Элисашвили шетел агенттері туралы заң жобасын талқылау барысында билеуші «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясының атқарушы хатшысы, парламенттік көпшіліктің жетекшісі Мамука Мдинарадземен төбелесіп қалды. Отырыс заң шығарушы органның сайтында тікелей көрсетілді.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Мдинарадзе заң жобасын бірінші оқылымда қараған парламенттің құқықтық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап беріп тұрған. Кенет оған Элисашвили жүгіріп келіп, қолымен Мдинарадзенің басынан ұрған. Төбелеске басқа депутаттар да қосылып кеткен. Комитет отырысында үзіліс жарияланды. Сот орындаушылары Элисашвилиді мәжіліс залынан шығаруға мәжбүр болды.

Грузияның басқарушы партиясы сәуір айының басында «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын парламентке қайта енгізу туралы шешімін осыған ұқсас бастама жаппай наразылықтар туғызғаннан кейін бір жыл өткен соң жариялады. Заң жобасының мәтінінде 2023 жылғыдай «шетелдік ықпал агенті» терминінің орнына «шетелдік державаның мүдделеріне қызмет ететін ұйым» түсінігі қолданылған.

Заң жобасына оппозиция, президент Саломе Зурабишвили, сондай-ақ дипломатиялық корпус, оның ішінде Грузиядағы ЕО миссиясы мен АҚШ елшілігі қарсылық білдірді. Бастамаға қарсылардың пікірінше, заң жобасы Грузияның Еуроодақпен интеграциялануына кедергі келтіреді.

Соңғы жаңалықтар