Грузия президенті Маргвелашвили: Қазақстанның қолдауы үшін алғыс айтамыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанға Грузия президенті Георгий Маргвелашвили келді. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қарсы алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Грузия президенті Маргвелашвили: Қазақстанның қолдауы үшін алғыс айтамыз

«Қазақстан сияқты елді көру көптен күткен арман-ниетім еді. Себебі Сіздер туралы көп естідім. Маған осы жердегі адамдар, осы елдің даму динамикасы туралы көп айтты. Қазір мен Сіз және Сіздің xалқыңыздың қандай жұмыстарды атқарғанын, қиын жылдарға қарамастан нендей жетістіктерге жеткендеріңізді өз көзіммен көріп отырмын. Біз Сіздердің қолдауларыңызға шын жүректен ризамыз. Грузия xалқы оны айқын сезініп отыр жәнеі жоғары бағалайды. Ұзақ уақыт бойы бізге қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін мың алғыс», - деді Грузия басшысы шағын құрамда өткен кездесу кезінде.

Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Қазақстанның Грузия экономикасына қаржы салып жатқан ірі инвестор екенін еске салып, аталған экономикалық шаралардың әлі де жалғасатынын жеткізді.

«Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылғанын жақсы білесіздер. Онда Грузия павильоны да ашылды. Біз жаңа қаланың тағы бір жаңа ауданын салып шықтық. Оны да көресіздер. Қазақстан мен Грузия арасындағы байланыстар бұрыннан жақсы дамып келеді. Алғашқы жылдары көп қолдау көрсеттік. Содан бері біз Грузия экономикасындағы ірі инвестордың бірі болып келеміз. Осы байланыстарды ары қарай дамытуға кедергі болатын ешқандай себептерді көріп тұрған жоқпын», - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.