Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Грузия тұрғындары шетелге жиі шығып, шығынын едәуір арттырған

АСТАНА. KAZINFORM — Грузия тұрғындары 2026 жылдың екінші тоқсанында шетелге 740,9 мың сапар жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға көп. Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі Грузия Ұлттық статистика қызметінің (GeoStat) деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

туризм Грузия
Фото: Travelness

Сонымен қатар грузиндер үшін шетелге шығу қымбаттай түскен. Сапарға жұмсалған шығын 18 пайызға жуық өскен. Оның ең үлкен бөлігі қонақүйге немесе көлікке емес, сауда жасауға жұмсалған.

GeoStat мәліметінше, 15 жастан асқан Грузия тұрғындарының шетелге жасаған сапарларының саны 571,9 мыңды құрап, бір жыл ішінде 1,4 пайызға артқан.

Шетелге шығатын грузиндердің негізгі бағыты бұрынғыдай көршілес елдер болып отыр. Бірінші орында Түркия — 201,1 мың сапар, екінші орында Армения — 112,9 мың сапар. Еуропалық одақ елдеріне сапарлардың 19,7 пайызы, Ресейге — 10,7 пайызы, Әзербайжанға 1,7 пайызы тиесілі.

Сапарлардың мақсатына назар аударсақ, Грузия тұрғындарының шетелге шығуы тек демалыспен шектелмейді. Сапарлардың шамамен 35 пайызы достары мен туыстарына баруға, 31,1 пайызы сауда жасауға, 21 пайызы демалыс пен рекреацияға тиесілі. Іскерлік сапарлардың үлесі — 8,7 пайыз, медициналық мақсаттағы сапарлар — 2,7 пайыз.

Осы тұста саяхатшылар шығынының өсуі ерекше байқалады. Үш ай ішінде Грузия тұрғындары шетелде 260,9 миллион доллар жұмсаған. Бұл 2025 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 17,6 пайызға көп. Бір сапарға жұмсалатын орташа шығын 16,1 пайызға өсіп, шамамен 456 долларға жеткен.

Саяхатшылардың саудаға жұмсаған қаражаты 93,3 миллион долларға жуықтаған. Бұл барлық шығынның 35,8 пайызы. Тамақ пен сусынға 70,2 миллион доллар, тұруға 37,8 миллион доллар, жергілікті көлікке 29,2 миллион доллар жұмсалған. Ал демалыс, мәдени және спорттық іс-шараларға шамамен 12,4 миллион доллар кеткен.

Осылайша, Грузиядан шығатын туристік ағынның өсуі сапар санының күрт артуымен емес, саяхатшылар шығынының ұлғаюымен сипатталады. Сапар саны 3,6 пайызға артса, шығын көлемі одан бес есеге жуық жоғары қарқынмен, яғни 17,6 пайызға өскен.

Бұған дейін Грузияның алты айда халықаралық туризмнен 1,93 миллиард доллар кіріс алғаны хабарланған болатын.

Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Грузияға ең көп турист жіберген алғашқы он елдің қатарына кірді.

Сондай-ақ, биыл Грузияға барған қазақстандық туристер саны артқаны белгілі.