Грузия түрмелеріндегі азаптауларға байланысты елдің ішкі істер министрі Б.Ахалая отставкаға кетті
АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Грузияның Ішкі істер министрі Бачо Ахалая отставкаға кетті. Бұл туралы Ресей Жаңалықтары хабарлады.
Оның орнына министрлік басшысының бірінші орынбасары болған Екатерина Згуладзе тағайындалды.
«Мен өз елімнің азаматы ретінде №8 Глданск түрмесінде анықталған қылмыстарға ашынудамын. Мен соңғы жылдары жазаны орындау жөніндегі жүйеде жұмыс істемейтініме қарамастан, мұндай өрескел фактілерге жол бермеуі тиіс болған кейбір басқарушы тұлғалар жүйеде мен басшылық еткен кезден бастап жұмыс істей бастады. Осыған орай, бұл сұм тәжірибені жоя алмағандығымыз үшін мен моральдық және саяси жауапкершілікті сезініп, президенттің атына отставкаға жіберу туралы өтініш білдірдім», - делінген Ахаяның мәлімдемесінде.
Еске салайық, осы аптаның басында Грузияда жанжал шықты: Республиканың Ішкі істер министрлігі Тбилисидің №8-ші Глданск түрмесінде сотталғандарға зорлық-зомбылық көрсету оқиғалары туралы хабарлады. Қараушылар жазаларын өтеушілерді ұрып-соғып, зорлаған. Қызметкерлер өз қылмыстарын видеоға түсіріп отырған. Жазаны орындау жөніндегі министрліктің, соның ішінде министрлік департаменті басшысының орынбасары мен Глданск түрмесінің директоры қамауға алынды.
Тбилиси мен Грузияның басқа да қалаларында наразылық акциялары өтті.