Грузия үкіметінің жаңа құрамы мен бағдарламасы Парламентке ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM - «Еуропа мемлекетін құру үшін». Осындай атаумен болашақ премьер-министр Ираклий Кобахидзе басқаратын жаңа үкіметтің құрамы мен үкімет бағдарламасы Грузия Парламентіне тапсырылды. Бұл туралы «Новости-Грузия» жазды.

Грузия үкіметінің жаңа құрамы мен бағдарламасы Парламентке ұсынылды
Фото: Irakli Kobakhidze/FB

Грузия парламентінің көктемгі сессиясы келесі аптада ашылады. Премьер-министр ауысқандықтан, парламент үкіметке сенім білдіруі керек. Оның алдында комитеттерде, фракциялар мен саяси топтарда талқылау өтеді. Сенім білдіру үшін парламенттік көпшілік дауыс жеткілікті, 150 дауыстың 76 дауысы қажет.

«Үкіметтік бағдарлама еліміздің таяу жылдардағы ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде қарқынды дамуы үшін берік негіз жасайды. Бізді Еуропалық Одаққа кіру тарихи мақсатқа жақындатады және әрбір азаматтың жарқын болашағына қызмет етеді», – делінген құжатта.

Грузия үкіметінің жаңа құрамы Ираклий Гарибашвили премьер-министр қызметінен кеткен соң жасақталды. Ол Ираклий Кобахидзенің орнына биліктегі «Грузин арманы» партиясының төрағасы лауазымын атқарады.

Билік партиясынан Грузия премьер-министрі лауазымына кандидаттарды ұсыну құқығы оның негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвилиге берілді. Ол өткен жылдың соңында саясатқа ресми түрде оралып, «Грузин арманының» құрметті төрағасы болды.

Грузияның жаңа үкіметінде премьер-министрден басқа бір ғана ауысу болады елдің қорғаныс министрі Джуаншер Бурчуладзе қызметінен кетеді. Оның орнына депутат Ираклий Чикованидің кандидатурасы ұсынылды, бұл үшін ол депутаттық өкілеттігін тоқтатуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар