Грузия жыл басынан бері тауар айналымын 10 пайызға арттырды
АСТАНА. KAZINFORM – Грузияның Статистика қызметі (Сакстат) 2025 жылдың шілдесінде сыртқы сауда көлемінің төмендеуін тіркеді, алайда жыл басынан бері жалпы динамика оң күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Алдын ала мәліметке сәйкес, шілдеде елдің сыртқы сауда айналымы 2,073 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмен. Төмендеу экспортта да, импортта да байқалды:
Импорт 6,7%-ға, - 1,464 млрд долларға дейін, ал экспорт 11%-ға, 609,1 млн долларға дейін төмендеді.
Солай болғанымен Грузияның сыртқы саудасы 2025 жылдың алғашқы жеті айында тұрақты өсуін көрсетті. Жалпы тауар айналымы 14,154 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 10,3%-ға артық.
Импорт 10,8%-ға өсіп, 10,31 млрд долларды құрады, экспорт 8,9%-ға өсіп, 3,844 млрд долларға жетті.
Қаңтар-шілде айларындағы сауда теңгерімінің теріс сальдосы 6,466 млрд долларды құрады, бұл сыртқы сауда айналымының 45,7%-ына тең.
Сарапшылар атап өткендей, төмендеу ең алдымен маусымдық факторларға, сұраныстың ауытқуына немесе логистикалық кешігулерге байланысты.
Бүгінде Грузияның экспорт көшбасшыларының үлесі тұрақты болып қалып отыр. Бірінші орында – жеңіл автокөліктер (айналымы шамамен $1,21 млрд), одан кейін бағалы металдар мен концентраттар (шамамен $175 млн), үшінші орында алкогольдік сусындар (шамамен $123 млн) тұр.
Бұл ретте экспорт негізінен Қырғызстанға (681 млн доллар), Қазақстанға (414 млн доллар), Әзербайжанға (342 млн доллар) бағытталған. Ал импорт негізінен Түркиядан (1,29 млрд доллар), АҚШ-тан (1,283 млрд доллар), Ресейден (951 млн доллар) келеді.
Грузия экономикасы маусымда өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 6,3%-ға өсті, бұл сәуір мен мамырдағы 7,5% өсімнен сәл төмен.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жаңартылған есебін жариялап, онда Грузияның экономикалық саясатына және соңғы жылдары қол жеткізген әсерлі нәтижелеріне жоғары баға бергенін жазған болатынбыз.