Грузияда инфляция 5,9%-ға дейін жеделдеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың сәуір айында Грузияда жылдық инфляция 5,9%-ға жетті, деп хабарлайды Kazinform мен Geostat деректеріне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика қызметінің мәліметінше, сәуірде тұтыну бағалары наурызбен салыстырғанда 1,7%-ға өскен. Ал базалық инфляция 3,5% деңгейінде қалыптасып, маусымдық және сыртқы факторларды есептемегенде баға өсімі қалыпты екенін көрсеткен.
Айлық инфляцияның негізгі драйверлері көлік және тұрғын үй-коммуналдық сектор болды. Көлік қызметтері 4,9%-ға қымбаттап, жалпы инфляцияға 0,57 пайыздық тармақ қосқан. Бұл жеке көлікті пайдалану шығындарының артуымен және тасымал қызметтері бағасының өсуімен байланысты.
Тұрғын үй, электр энергиясы, газ және сумен жабдықтау тарифтері 5,8%-ға өсіп, баға деңгейіне айтарлықтай қысым жасаған. Әсіресе энергия ресурстары шамамен 10%-ға қымбаттаған.
Сондай-ақ сәуірде киім мен аяқ киім бағасы маусымдық факторларға байланысты 5,3%-ға артты. Азық-түлік бағасы салыстырмалы түрде баяу өсіп, 0,5%-ды құрады. Жеміс-жидек, көкөніс және тәтті өнімдердің қымбаттауы сүт өнімдері мен алкогольсіз сусындардың арзандауымен ішінара теңгерілген.
Жылдық көрсеткіш бойынша инфляцияға ең көп әсер еткен салалар – азық-түлік, көлік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер. Азық-түлік бағасы 7,5%-ға өссе, көлік шығындары 10,3%-ға, ал тұрғын үй секторындағы тарифтер 6,5%-ға артқан.
Сарапшылардың бағалауынша, елдегі баға өсімі негізінен көлік пен энергия бағасының қымбаттауымен байланысты. Сонымен қатар базалық инфляцияның төмен деңгейде сақталуы ішкі сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Грузияда жылдық инфляция 4% деңгейінде тіркелген еді.