Грузияда қоғамдық тамақтану орындарында пластик бөтелкелерге тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Грузияда 1 шілдеден бастап қоғамдық тамақтану орындарында сусындарды пластик бөтелкелермен ұсынуға тыйым салынады, деп хабарлайды елдің Бірінші қоғамдық арнасы.
Үкімет қаулысына сәйкес, жаңа талап мейрамханалар, кафелер және басқа да қоғамдық тамақтану орындарына қатысты болады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елде бірқатар бірреттік пластик өнімдерін сатуға тыйым күшіне енген. Атап айтқанда, пластик шанышқылар, пышақтар, қасықтар, таяқшалар, тәрелкелер, түтікшелер, араластырғыштар, сондай-ақ тағамға арналған контейнерлер, қақпақтар мен полистиролдан жасалған стақандар сатылмайды.
Бұған дейін, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған өнімдерді импорттау мен өндіруге де шектеу енгізілген.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап қоғамдық тамақтану орындарында бірреттік пластик контейнерлер мен стақандарды қолдануға да тыйым салынады.
Ал 2031 жылғы 1 ақпаннан бастап (экспортты қоспағанда) пластик бөтелкелердегі сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым енгізіледі. Бұл шектеу көлемі 3 литрден асатын ауыз суға және 20 литрден жоғары ыдыстардағы басқа сусындарға қолданылмайды.
Бұл шаралар пластик тұтынуды азайтуға және экологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған.