Грузияда көне арамей тілінде сөйлейтін ауыл бар болып шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузиия астанасы Тбилиси маңындағы Канда ауылының тұрғындары ауызекі тілде арамей тілінде сөйлесетіні анықталды. Енді жергілікті діни қызметкерлер тілді сақтап қалуға әрекет жасап жатыр. Оны «Квирис Палитра» басылымының журналистері анықтады, деп жазды «Росбалт».
Жалпы, бүгінгі таңда әлемде 4 миллион ассириялық өмір сүреді екен (олардың 70 мыңы ТМД-да), алайда олардың барлығы арамей тілін білмейді.
«Бүгінде әлемде 7000-ға жуық тіл бар, олардың 50-ден 90 пайызға дейіні алдағы жүзжылдықта жойылып кетуі мүмкін. Көне арамей тілі киелі жер тарихымен тығыз байланысты. Ол - ерекше тіл, оның жойылмағаны дұрыс», - деді Кембридж университетінің профессоры Джефри Хан.
Грузиядағы Канда қыстағында екі мыңға жуық халық бар, солардың көбі осы тілде сөйлеседі. Жалпы, Грузияда 4 мыңдай ассириялық тұрады.
Канда ауылында арамей тілін жергілікті шіркеу қолдап отыр. Діни қызметкер Серафим әкей Грузияның Ағарту министріне жергілікті мектептің бастауыш сыныптарына арамей тілін оқыту үшін рұқсат сұрап отыр. «Ең бастысы бұл тілді үйрететін оқытушылар бар. Бізге оқытуға рұқсат берсе болды. Ауыл арамей тілінде сөйлегенмен, бұл тілде оқып, жаза алатындар некен-саяқ. Иса Пайғамбар тілі ұмытылмауы тиіс!», - дейді дін қызметшісі.